ӘДІСТЕМЕЛІК НҰСҚАУ

 

   050102- «Педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі» және 050101 – «Мектепке  дейінгі оқыту мен тәрбиелеу» мамандықтары студенттеріне арналған

 

 

Кіріспе

 

Студенттердің өз бетінше орындайтын жұмыстары оқу процесінінің негізгі бөлігін құрайды. Оқу процесінде өзіндік жұмыс тапсырмаларын орындау барысында студенттерде өз бетінше білімін  жетілдіру, толықтырудың жоғары белсенділігі іске асады. 

Студентердің өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру- методикалық жағынан өте күрделі дидактикалық процесс.

Студенттердің білім алу уақыты 2 бөлімнен тұрады:

1.Оқытушының көмегімен жүргізілетін уақыты шектеулі, студенттің қатысуы міндетті оқу процесі ;

2.Оқытушының қатысуынсыз студенттің өз бетінше дайындалуға жіберетін уақыты.

Студенттің білім алу уақытының 40 % өз бетінше даярлану, өз бетінше білім алу үлесіне тиеді.Студенттер үшін өз бетінше білім алу, өз бетінше білімін көтерудің рөлі өте жоғары. Студент білімін тек оқулықпен немесе конспектімен шектемеуі керек. Шығармашылыққа жол табу, өз қабілетін жандандыруға мүмкіншілік жасау, өз бетінше әрекеттену, қайраттану сияқты қасиеттердің қалыптасуы, дамытуы болып табылады.

Өзіндік жұмыстарды орындау барысында мына нәрселер жүзеге асады:

-Ғылыми және әдістемелік әдебиеттер іздестіру және олармен жұмыс істеу, өзбетінше ақпараттар, материалдар жинақтау, ғылыми-ізденушілік және шығармашылық қабілеттерін жетілдіру, өзбетінше шешім қабылдай білу дағдысы  мен ептілік, біліктілік қалыптасады;

-Еңбекқорлыққа, шыдамдылыққа, алған бағытына жету үшін ыждағаттылыққа, өз уақытын дұрыс жоспарлау және дұрыс ұйымдастыра білуге тәрбиеленеді;

-Оқу материалдарын бекітеді және жан-жақты кеңейтеді, тереңдетеді.

 

Студенттердің өзіндік жұмысын жоспарлау

 

            Студенттердің өзіндік жұмыстарын алдын ала типтік оқу  бағдарламасына сүйене отырып  оқу-жұмыс  бағадарламасын даярлағанда  мына жағдайларды ескере жасалуы тиіс:

-Өзіндік жұмыстың көлемін анықтау барысында студенттің жалпы бюджеттік уақытын есепке алу қажет;

-Пәннің оқу жоспары бойынша өзіндік жоспардың орындалу мерзімін анықтау;

-Өзіндік жұмыстың түрлерінің нақты  қаншалықты көп еңбек сіңіру (трудоемкость) қажеттілігін анықтау;

-Әр жеке пәндер бойынша студенттің уақытын жүйелі жоспарлап бөлуге бағыт беру.

Әр пән бойынша студенттің өзіндік жұмысының көлемі мемлекеттік жалпы міндетті білім беру стандартында беріледі. Кафедра СӨЖ арналған тапсырмалардың мазмұнын, барлық семестрде  әр пән бойынша СӨЖ –на кететін уақыт, еңбек үнемділігін ескере, сағатты алдын-ала есептеу жұмыстарын ұйымдастырылады.

            

СӨЖ  ұйымдастыруға  қойылатын  талаптар

 

-СӨЖ әр пән бойынша  білімді бақылау кестесіне ( ГКЗ )  жоспарланады және оны студентте, оқытушы да қатаң орындауы қажет;

-Студенттер әдістемелік, оқу, анықтамалық және арнайы оқулықтармен толық қамтамасыз етілуі  керек;

-Студенттердің өз бетінше  дайындалуға арналған жұмыс орындарымен (аудитория, оқу залы, кабинет, жатаханада арнайы бөлмемен) жабдықталуы керек;

-Өз бетінше ЭЕМ-де (ЭВМ) тапсырма орындауға мүмкіншілік жасау;

-Студенттерге СӨЖ тапсырмалары бойынша жүйелі  және сапалы кеңестер беру;

-Студенттердің  білімін тексеруде, тапсырмалардың орындалуын  есепке алуда жаңа әдістерді қолдана жүргізу,

-СӨЖ тапсырмаларының уақытымен орындалуын қатаң ұйымдастыру, кешіккен жағдайда төмен балдың қойылатынын үнемі ескертіп отыру қажет;

-СӨЖ  жүргізудің әдістемесін үнемі жоғары деңгейде жетілдіріп отыру.

 

 

Студенттің  өзіндік  жұмыстарын  орындау  формалары (оқытушылар таңдауы)

 

1. Тақырыпта  немесе  тарауында  кездесетін анықтамаларды  айқындау, қысқаша (0,5 беттен аспайтын)  эссе  жазу.

2. Тақырып бойынша  әдебиеттерден,  интернеттен алынған материалдар негізінде  қысқаша  түсініктеме  жазу  (1-2 бет).

3. Глоссарий жазу  -ұғымдар  мен терминдер анықтамасын жазу.

4. Презентация – таңдаған тақырыбы  бойынша  өз ойын –пікірін дүниетануын білдіруі  және  оны  қорғауы. Презентация  тақырыпты  қалай  айқындауы,  ашуы, қызықтыруымен  бағаланады (8-10 минут).

5. Іскерлік ойын –болашақ мамандығына  қажетті  дағдыларды  қалыптастыру мақсатында  сол мамандығында  атқаратын  жұмыстарын ойын ретінде  белгілі рольде,  топта  ойнау (алдын-ала дайындалу  керек).

6. Айқындап жағдайды  үйрену  нақты  жағдайларда   қойылатын сұрақтарға өз ойынша  жауап беру немесе  жауаптарды  өзінше  жобалау.

7. Топтық жоба  4-5 студенттен  құралған топтар, оқу  материалы  бойынша өз жобаларын жасап,  оларды  қорғайды. КТК (КВН)  түрінде  өткізуге  болады.

8. Жеке  жоба маңызды және  өте  қызық ғылыми-зерттеулер  нәтижелері,  жетістіктерді  қамтитын  баяндамалар білім деңгейі  жоғары  студенттер ұсынысы  бойынша  тақырыпқа  сәйкес   жасалады.

9. Тақырып бойынша  өзін-өзі  тексеру сұрақтарына  ауызша  жауап беру  (10-15 минут). Жауаптар тақырып қалай  ашылғандығына (айқындағанына) және  басқаларды  қалай қызықтырғанына байланысты бағаланады.

10. Жазба  жұмыстары.  модуль бойынша  рейтинг бақылау  сұрақтарына жазба  түрде  жауап  беру.

11. Тесттер  тақырып соңында студенттердің білім  деңгейін анықтау  үшін 5 минутта өткізілетін тест сұрақтары.

12. Рефераттар мен баяндамалар.  Студент немесе  студенттер таңдауы  бойынша  пән тараулары  тақырыптарын оқып үйреніп,  талдау  жасап,  өзінше  қорытындысын шығару.

13. Пікір  студенттер бір-бірлерінің рефераттарын талдау  жасап, өз пікірлерін жазуы.

Студенттердің білім деңгейіне  байланысты  тапсырмаларды жеңілдету немесе  күрделі  ету  жоспарлану  қажет.  Мәселен,  барлық студенттерге кейсті  талдау  тапсырмасы,  дайындығы  жоғары  (1 немесе  2 )  студентке  кейс жазуды тапсыруға  болады.

Барлық СӨЖ  тапсырмалары  уақытылы  тапсырылуы  қажет;  уақытында  тапсырылмаған тапсырмалар төмендетіп  бағаланады (әрбір тапсырмадан кешіккен күніне  0,1 балл алып тастау)

- СӨЖ ұйымдастыру  үшін:

- СӨЖ тапсырмаларын  семестр басында  студентке беру;

- Ағымды  және  межелі  бақылау  түрлерін дайындау;

- СӨЖ консультациясының  уақытын белгілеу.

Студенттерден 

а)  СӨЖ тапсырмасын уақытылы  орындауды;

б)   белгіленген уақытта  тапсыруды;

в)  СӨЖ-ге    үлкен жауапкершілікпен қарауды  талап ету қажет.

СӨЖ-н ұйымдастыруға арналған жоғарыда ұсыныстар мен интерактивті  әдістерді қолдану арқылы студенттердің білім  деңгейін  көтеруге  болады.

Интерактивті әдістер студенттің:

-Тыңдау,  өзара  қарым-қатынасын;

- Басқаға  жанашырлық таныту,  жанкүйерлік қабілетін дамытуды;

- Көзқарасын дамытуды  және  түсінуді;

- Белгісіз сұрақтарға жауап тауып,  мәселелерді  шешуді;

-Аналитикалық ойлау және өз ойын талқылауды  қалыптастырады.

 

Студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру түрлері

 

Студенттердің өзіндік жұмыстарының ұйымдастырылуының 4 типі бар;

1. Орындаушылық деңгей: ол оқулықтармен жұмыс істеу, конспект жазу, жай тапсырмалар орындау.

2. Репродуктивті деңгей: типтік есептер шығару, обьектіні талдау.

3. Белгілі бір деңгейде ізденушілік немесе ойлау, ойлану деңгейі: проблемалы тапсырмаларды, типтік емес есептерді, жаттығуларды шешу. Меңгереген білімдерін пайдалана курстық, дипломдық проектілер орындау.

4. Ғылыми - ізденушілік деңгей. Жаңа ақпараттармен толығу, зерттеу обьектілеріне терең бойлау, дипломдық  жұмыстар, СҒЗЖ.жүргізу.

Студенттердің интеллектуальдық қабілеттері әрқайсысында әртүрлі, сондықтан  әр студентке  жеке амал, жеке әдіс, жеке тапсырма беруді ойласу керек.Осыған байланысты СӨЖ түрлері мынадай сипатта болады;

- Ғылыми әдебиеттермен жұмыс істеу, мазмұнды конспект, эссе, глосарий даярлау;

-Жеке тақырыптар төңірегінде реферат жазу, оны мазмұнды әңгімелеп беру;

-Лабораториялық, практикалық  сабақтарға шығармашылық элементтерімен дайындық;

-Семинар сабақтарына сөйлеуге даярлану;

-Сабақ үстінде жүргізілетін іскерлік, рөлдік ойындарға, дөңгелек стөл  т.б сабақ типтерін жүргізуге белсенді араласу үшін даярлану ;

-Студенттік ғылыми конференцияларға, олимпиадаларға даярлану;

-Өз бетінше  лабораториялық жағдайда эксперименттер жасап, нәтижелерін талдау, қорытындылай білу;

-Түрлі обьектілерді бақылау, қорытындысы бойынша баяндамаға даярлану.

 

Студентердің өзіндік жұмысын бақылау және бағалау әдістері

 

СӨЖ бақылау-студенттердің тапсырмаларды жүйелі, дер кезінде, уақтылы, сапалы орындалуын, сабақ үстіндегі нәтижелі жұмыстарын қадағалау және  обективті бағалау. Оқу прцесінде бақылаудың екі түрі қолданылады; ағымдағы бақылау, аралық бақылау немесе межелі бақылау.

Ағымдағы бақылау студенттің іс-әрекетін дер кезінде тез арада ретке келтіру қорытындылау.Ол әр түрлі тәсілдермен ұйымдастырылады;

1.10-15 минуттық бақылау алу;

2.Жазбаша,тест немесе әңгімелесу түрінде теориялық  коллоквиум алу;

3.Жаппай сұрау (топтық жарыс түрінде);

4.Курстық жұмысты қорғау, тапсырмалар бойынша есеп беру;

5.Арнайы тақырып бойынша дискуссиялы семинар жүргізу;

6.Түрлі конкурстар, олимпиада,студенттік конференция өткізу;

7.Жеке тақырып бойынша реферат, баяндама жасау, онда өз ойын, тақырып мазмұнын жинақы, нақты, мазмұнды жеткізу.

Межелі бақылау компьютерлік тексеру және комплексті тапсырмалар арқылы жүргізіледі.

Бақылаудың  нәтижелерін тіркеп отыратын арнайы журнал арналуы керек.

 

Студенттердің оқытушымен өзіндік жұмысын ұйымдастыру жөніндегі ереже

Студенттердің оқытушының жетекшілігімен өзіндік жұмысы (СОӨЖ)-студенттердің оқытушылардың жетекшілігімен, сабақкестесінде көрсетілген, сондай-ақ оқытушылардың педагогикалық жүктемесіне енгізілген сабақ түрі.

1.Студенттердің оқытушылардың жетекшілігімен  өзіндік жұмысы «М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің студенттерінің өзіндік жұмысын ұйымдастыру ережесін» ескере отырып ұйымдастырылады.

2.Кредиттік жүйеде оқитын студенттердің өзіндік  жұмысы курстың жалпы еңбек көлемінің 70% құрайды. Оның ішінде 50% уақыты студенттердің оқытушының жетекшілігімен өзіндік жұмысына жатады.

3.Студенттердің оқытушымен өзіндік жұмысы пән бойынша қосымша материалдарды меңгеруге бағытталған.

4.Студенттердің оқытушымен өзіндік жұмысы оқу графигінде белгіленіп және студенттің апталық жүктемесіне кіреді.

5.Студенттердің оқытушымен өзіндік жұмысы оқытушының педагогикалық жүктемесіне толық көлемде кіреді және бақылау жұмыстарын тексеруді, талқылауды, үйде бақылауы, сабақты интерактивті түрде өтуді, студенттерге кеңес беруді көздейді.

6.Оқу жоспарында студенттердің оқытушымен өзіндік жұмысы барлық пәндер бойынша қарастырылады.

7.Сағат көлемі, тапсырмалары және тақырыптары көрсетілген интерактивті түрдегі СОӨЖ пәннің ОӘК-не енеді.

9.Студенттердің оқытушымен өзіндік жұмысы жазбаша бақылау жұмыстарын, дискуссия, коллоквиум түрінде студенттердің біліміне бақылау жүргізуді көздейді.

10.Студенттерді бағалау модульді-рейтингтік жүйедегі студенттердің білімін бақылауына сәйкес жүргізіледі.

 

СОӨЖ құрылымының әдістемелік негізі

 

Оқытушылардың алдында материалды шартты түрде үш бөлікке бөлу міндеті тұр, оның ішінде күрделі бөлігі лекция болып және оқу-әдістемелік кешендегі лекциялық сабақтың мазмұнын құрайды. Келесі қадам-студенттердің оқытушымен өзіндік жұмысын құрастыру. Оқытушы СОӨЖ бір немесе толық топтың келетіндігіне дайын болуы қажет. Оның міндеті қажет болғанда бұл кеңес немесе өткен лекцияны қайталау сабағы немесе бірнеше студентке түрлі сұрақтар төңірегінде кеңес беруден тұрады.

Әрбір студенттердің оқытушымен өзіндік жұмысына лекция сабағында қарастырылмаған материалдар (кейстер, ойындар, тестер, крассвордтар т.с.с) әдіс түрлеріне дайын болуы тиіс, мысалы қандайда бір сұрақты талқылау немесе тереңдетіп сол және басқа жағдайларда жаттығулар орындай білуін кеңейтіп, талқылау дағдыларын қалыптастырып, дамытады.

Оқытушыда студенттердің оқытушымен өзіндік жұмысы нәтижелі өткізуге мүмкіндік беретін әдебиеттер, әдістемелік құралдар көлемі жоғары дәрежеде болуы тиіс.

Студенттердің оқытушымен өзіндік жұмысы сабақ кестесінде тұрады және аудиторияда өткізіледі, бірақ өзбетінше жұмыста жақсы білетін студенттерге міндетті емес. Сондықтан оқытушының маңызды міндеттерінің бірі әрбір білім алушының оқу жетістіктерін тұрақты бағалау, бақылау және барлық студенттер курсты меңгеріп, қорытынды емтихан тапсыруға бағытталған студенттердің оқытушымен өзіндік жұмысы осы үшін қажет.  Студенттердің жеке сипаттамасы, тапсырманы орындауы, бағалауы және оқытушының жетістікке жеткізудегі жаңа іс-әрекет жоспарының арнайы журналдың жүргізілуі артық болмайды.

Лекция секілді әр СОӨЖ сабағының әдістемелік нұсқауы болуы қажет, мұнда сабақтың әрбір элементін өткізу жоспары құрастырылуы қажет. Студент оқу уақытының үштен бір бөлігін оқытушының көмегінсіз өз бетінше жұмыс жасайды. Ол үщін оқытушының тапсырмасы мен оларды орындауға қажетті нұсқаулармен қамтамасыз етіледі. Семестр бойында бірқалыптылық сақтауда өте қажет. Барлық тапсырмалар оқу мерзімінің аяғында оларды тексеру есебінде берілуіне жол берілмеу керек. Оқытушы тапсырмаларды беру және тексеру кестесін құру қажет. Оқытушы өзінің осы кестесін сақтауы студенттердің академиялық жетістіктерінің негізі. Осы айтылғандар бойынша СОӨЖ екі бөлікке бөлуге болады.

Біріншіден студенттер әр лекциялық сабақтарға дайындалу үшін эссе жазуы, түсініктер мен термин глоссариін құруы, қажетті оқу әдебиетін оқуы қажет.

Екіншіден пән ерекшелігіне байланысты тапсырмалар берілуі мүмкін, оларды орындау үшін уақыт пен қажетті білім керек. Мысалы бұл топтық және жеке жобалар, кейстерді, жаттығулар, есептер шешу және т.с.с.

Студенттердің оқытушымен өзіндік жұмысты ұйымдастыру және жоспарлауда бірінші кезекте үй тапсырмасына, яғни сабақтан тыс жұмысқа зейінді болуы. Келесі лекцияның кейбір тапсырмаларын студент үйінде орындап келуі қажет, мысалы лекция тақырыбымен танысып оның негізгі кезеңдеріне конспекті жасап немесе глоссарий және т.б. құрастырып келеді. Силлабуста студенттердің өзін-өзі ұстауы, сабаққа дайындалу нұсқаулары болуы қажет. Ал лекцияның өзі проблемалы оқылуы керек. Жоғарыдағы айтылған лекцияны оқу берілген аудиториялық уақыттың екіден бір бөлігін алуы мүмкін, ал қалған уақыт оқытылған материалды қорытуға студенттердің оқытушымен өзіндік жұмысына бөлінуі қажет.

Бұл әдістемес бойынша білім пирамидасы келесідей құралады.

Лекция-5%

Оқулық -10%

Аудио-визуальды құралдар-20%

Көрнекі материалдар -30%

Топтық талқылау-50%

Практикалық іс-әрекет-70%

Студенттердің оқытушымен өзіндік жұмысы семинар, практикалық, лабораториялық сабақтарда өткізілуі мүмкін. Студенттердің оқытушымен өзіндік жұмысы студенттердің білімін бекіту мақсатында қызмет етуі керек. Сондықтан да студенттердің оқытушымен өзіндік жұмысына студенттердің толық қатысуы міндетті емес, оған дарынды студенттердің қатыспауына болады. Бірақ бұл аудиториялық сабақтағы тапсырмалардан босатылады деген сөз емес. Керісінше олар оқытушыдан көлемді, күрделі, қиын тапсырмалар алып,оларды үйде немесе кітапханада орындауларына болады, ал  олар сабақтарда оқытушының көмекшілері ретінде болуы мүмкін.

Сонымен СОӨЖ ұйымдастыру мәселесі аудиториялық және аутиториядан тыс уақытта актуальді маңызды мәселеге айналуы және мақсатты бір жүйеге жатуы керек. СОӨЖ тапсырмалары әртүрлі болуы мүмкін: ауызша жауап, рефератты қорғау, жаттығу орындау, ойындар өткізу, есептер шығару, тақырып бойынша шолу даярлау, глоссарий жасау, проблемалы есептер, жеке, топтық жобалар жасау, қателермен жұмыс т.б. түрде жүргізіледі.

 

 

 

 

 

 Әр модуль бойынша ОСӨЖ  реті, тақырыбы және ұйымдастыру әдістемесі.

Модуль 1

1.1. В.Ф.Зуев -әдіскер оның әдістемелік ұсыныстары.

1.2. Кеңес дәуірі Н.К.Крупскаяның, К.П. Ягодовскийдің әдістемелік еңбектері.

1.3. Оқу пәнінің мазмұнындағы негізгі принциптер: ғылымилығы, дәйектілігі.

1.4. Мемлекеттік білім стандартын талдау (1-4 сыныптар)

1.5.Оқу бағдарламаларын талдау (1-4 сыныптар)

1.6. Пәннің тәрбиелік мүмкіндіктері: санитарлы-гигиеналық тәрбие.

1.7. Дүниетанымдық білімнің маңызы, оны күнделікті өмірде қажеттілігі, әр түрлі құбылыстар аралығындағы байланысты көруге, білім біртұтастығын қалыптастыру негізінде оның маңыздылығын көрсету.

1.8. Ұғымдар жүйесін құрастыру, талдау  (1-4сынып оқулықтарынан)

1.9. Оқыту әдісі: баяндау, баяндауға мұғалімнің дайындығы

1.10. Оқыту әдісі: әңгімелесу, әңгімелесуге мұғалімнің дайындығы

1.11.Сөз білім көзі: әңгімелеуде,түсіндіруде,суреттеуге қойылатын талаптар.

1.12. Практикалық әдіс: тәжірибе  көрсетуге мұғалімнің дайындығы.

Модуль 2

2.13. Тақырыптық жоспар жасау (1-4сыныптар).

2.14. Кіріспе сабаққа сабақ жоспарын жасау.

2.15. Сарамандық сабақ жоспарын құру

2.16. Сабақ типтері: қорытынды сабақ жоспарын құру.

2.17. Жеке тапсырмалар жүйесін жасау (1-сынып үшін)

2.18. Топпен өткізілетін жұмыс жүйесін жасау (2-сынып үшін)

2.19. Сыныппен жүргізілетін жұмыс жүйесін жасау (3-сынып үшін)

2.20. Тірі табиғат бұрышы өткізілетін жұмыстар жүйесін жасау

2.21 Оқушының білім-білік, дағдысын диктанттар, кесте арқылы тексеру жолдары

2.22. Оқушының білім-білік, дағдысын сигналды карточка арқылы тексеру жолдары

2.23.  Кіші  комплекті мектептерде сабақ ерекшелігі.Сабақ жоспарын құру. 4-сыныпқа

 

Модуль 1

1.1.  В.Ф.Зуев - әдіскер оның әдістемелік ұсыныстары.

Бұл тақырыпта ОСӨЖ ұйымдастыру үшін студенттер осы тақырыпта эссе жазып келуі керек. Ол мына төмендегідей мазмұнда болуы тиіс.

Жаратылыстану пәндерінің курсы тек негізгі училищелердің бағдарламасына енгізіліп, олар география, физика, жаратылыстану тарихынан тұрды. Жаратылыстану тарихы 4-сыныпта оқытылды.

Алғашқы оқулық, оның авторы натуралист, саяхатшы, академик Василий Федорович Зуев . В.Ф.Зуевтің бұл кітабы «Жаратылыс тарихының бейнелері» деп аталған және ол «Қазбалар әлемі», «Өсімдіктер әлемі», «Жануарлар әлемі» делінген үш бөлімнен тұрды. Оқулықтың алғашқы бөлімі жерлерді, тастарды, тұздарды, жанғыш заттарды, металдарды сипаттауға арналған. Өлі табиғатты зерттеу топырақты, сазды және құмды сипаттаудан басталды. Екінші бөлімі өсімдіктердің тіршілігі мен құрылысын зерттеуге арналса, ал үшінші бөлімде жануарлар туралы материалдары кірістірілген. В.Ф.Зуевтің оқулығы сол мезгілде мектептегі жаратылыстану бойынша бірінші бағдарлама, әрі мұғалімнің алғашқы әдістемелік құралы болды. Мұнда автор заттай көрнекілікті пайдалануды, мүмкін болмаған жағдайда ғана суретін қолдануды насихаттады. Ол жергілікті табиғатты және адамға пайдалы өсімдіктер мен жануарларды зерттеуге көп көңіл бөлді. В.Ф.Зуевтің бұл жетекші әдістемелік құралы ширек ғасыр бойы жаратылыстанудың негізгі оқулық ретінде қолданылды.

Студенттермен мына сұрақтар төңірегінде әңгімелесу әдісімен талдау жасаймыз.

1. Василий Федорович Зуевті неліктен әдіскер дейміз?

Себебі сол кезде жаратылыстану курсын оқытуға арналған әдістемелік құрал жазған, ол ширек ғасыр бірегей әдістемелік құрал ретінде қолданыста болды, сонымен қатар заттай көрнекілікті пайдалануды, мүмкін болмаған жағдайда ғана суретін қолдануды насихаттады. Міне осы еңбектері құнды әдістемелік нұсқау болды.

2. В. Ф. Зуевтің бұл идеялары 1786 жылдардан 25 жылдай мұғалімдердің негізгі көмекші құралы, әдістемелік нұсқау болған. Ал қазіргі таңда қолдануға болады ма? Идеяларының құндылығы неде? Жауаптарын дәлелдеу керек.

3. В. Ф. Зуевтің «Жаратылыс тарихының бейнелері» атты оқулығының мазмұнын сипаттау. Жеке бөлімдерге бөліп түсіндіру.

4. В. Ф. Зуевтің басқа қандай еңбектері белгілі?

 Сабақты қорытындылау. Сабақ соңында «Пәннің даму тарихы» атты сызба – кесте сызып, сол кестеге әрбір еңбектерді кезеңіне орай тіркетіп, карта жасау.

Дискуссияға  белсенді қатысып отыруына байланысты бағаланады.

 

1.2. Кеңес дәуірі Н.К.Крупскаяның, К.П. Ягодовскийдің әдістемелік еңбектері.

Студенттер жоғарыдағы тақырып бойынша конспект жазып келуі керек. Олармен мына сұрақтар төңірегінде әңгімелесу әдісімен талқылаймыз.

1. Кеңес дәуірі  кезі қай әдіскер –ғалымдардың қандай еңбектерімен байланысты?

2. Н.К.Крупскаяның еңбектері және ғылымның дамуына қосқан үлесі қандай?

3. К.П. Ягодовскийдің әдістемелік еңбектері және олардың өзіндік ерекшеліктері?

4. Сол идеяларды қазіргі таңда қаншалықты қолданыста немесе жаңартуға болады ма?

Осы сұрақтар барысында талдап, соңында «Пәннің даму тарихы» атты сызба – кестеге тіркету жұмысы орындалады.

 

1.3. Оқу пәнінің мазмұнындағы негізгі принциптер: ғылымилығы, дәйектілігі.

Дүниетану пәнінен оқу материалын іріктеу кезінде ұғымдардың ғылымилығы мен түсініктілігі (дәйектілігі) ескеріледі, осыған байланысты негізгі білім қарапайым түсініктер мен ұғымдар деңгейінде беріледі. Мұндай түсініктерге заттар мен денелер, ауа мен судың қасиеттері, минералдар, тау жыныстары мен пайдалы қазбалар, тірі табиғат алуандығы, табиғат процестері мен құбылыстары туралы білім жатады.

Оқытудың әрбір кезеңінде бастапқы түсініктер тереңдеп, мазмұны кеңейеді және біртіндеп білімге айналады. Бұл білім «түсінік-ұғым-білім» схемасы бойынша қалыптасады. Мұндай жүйелілік білім мазмұнының біртіндеп тереңдеуін қамтамасыз етеді Пәнді оқып-үйрене отырып, оқушылар өздерінің бақылауларын, бұрын алған ұғымдарын қорытындылайды, оларда өздері меңгерген білімнің негізінде жаңа түсініктер мен ұғымдар қалыптасады. Мазмұнның жүйелі толығуы оқушылардың білімін тиянақты етіп бекітуге мүмкіндік береді.

Оқытудың ғылымилық принципі білім беру мазмұнының қазіргі ғылым мен техниканың, әлемдік өркениеттің жинақтаған тәжірибесінің даму деңгейіне сәйкестігін қарастырады. Бастауыш кластарда жаратылыстану ғылымдарының қазіргі жетістіктері мен жаңалықтарын кірістіре отырып, нақты ғылыми фактілермен, құбылыстармен, табиғи заңдылықтармен таныстыруға бағытталу болып табылады.

Жоғарыда берілген эссе төңірегінде талдау жасау.

                                                                                                                                                           

1.4. Мемлекеттік білім стандартын талдау (1-4 сыныптар)

Қазақстан Республикасы бастауыш білімінің Мемлекеттік Стандарттарын (1998 ж., 2003ж., 2008 ж.) көрсету. Студенттердің алдында қажетті беттерінің көшірмесі таратылады.  

-Талдауды стандарттың алғашқы бетінен бастаймыз: құрастырған авторлар жайлы мәлімет.

-ҚР бастауыш білімінің мемлекеттік стандартының жалпы сипаттамасы, Бастауыш білім берудің мақсаты мен міндеттері, Білім мазмұнының құрамы және жалпы стандарттың құрылымы (3-9 беттер), соның ішіндегі дүниетануға назар аударту. Бастауыш сыныпты бітірген оқушы дайындығы деңгейіне қойылатын талаптар (жүргізілетін пән бойынша 9-17 беттер), соның ішінде дүниетану пәніне назар аударамыз.

- Стандарттың 54-бетінде берілген «Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сатысындағы білім мазмұны Тұжырымдамасы» ондағы 59- бетте берілген дүниетану пәніне байланысты тұжырымдамасы талданады.

-Сонан соң 69 –беттегі 1-4 сыныптарға арналған оқу жоспарына назар аудартамын. Ондағы дүниетану  пәніне әр сыныпқа аптасына 2 сағаттан берілген айтамыз.

-Мемлекеттік  Білім стандартына сай міндетті деңгейдегі білім, білік, дағдыларын тексеруге әдістемелік нұсқауды (71-72 бб) талқылаймыз.

-Білім, Білік,Дағдыларды күнделікті бақылап бағалауға қойылатын негізгі талаптар (73-74б) бастауыш сыныпта өтілетін барлық пәндер әр сынып бойынша , соның ішінде дүниетану пәні әр сыныпта 150-173 беттердегі мәліметтерді тиянақты талдау. Мұнда «Базалық білім мазмұны», «Пәнаралық байланыс», «Білім, білік, дағдыға қойылатын талаптар», «Оқу-әдістемелік комлект» беріледі. 

Талдау соңында лекция, лабораториялық сабақтардағы білімдерімен байланыстырамын. Онда СӨЖ сабағындағы оқулық мазмұндарын талдау жасағандарына, пән мазмұнының стандартқа сәйкес келеді ме жоқ па,  оқу материалдарын іріктеу принциптеріне мән беру.

Талқылауға белсенді қатысып отырған студенттер бағаланады.

 

1.5. Оқу бағдарламаларын талдау (1-4 сыныптар)

Дүниетану пәні 1-4 сыныптарға арналған бағдарламалар және осы бағдарлама негізінде даярланған  Жүнісова К., Аймағанбетова Қ., Олейник З.Ф. Дүниетануды оқыту әдістемесі (1-4 сынып.Алматы: «Атамұра»,1998 )  құралын  қараластыра талдау.

Студенттері 3 топқа бөлінеді, 1-топ «Адам», 2-топ «Қоғам», 3-топ «Табиғат» блоктары бойынша бағдарламадағы 1-сыныптан 4-сыныпқа қарай құрылымын жинақтап, түсіктеме жазады. Даяр болғаннан соң талқылауға ұсынады.

Сабақты қортындылау. Жалпы Дүниетану пәні мазмұны сыныптан сыныпқа өткен сабақта қарастырған принцптер негізіне сәйкес келеді.

 

1.6. Пәннің тәрбиелік мүмкіндіктері: санитарлы-гигиеналық тәрбие.

Студенттерге осы тақырып негізінде эссе жазып келу тапсырылады. Пәннің санитарлық-гигиеналық тәрбие беру  мүмкіндігі ашылады.  Нәтижесінде дүниетану пәні салауатты өмір салтын түзу, өзін - өзі тану, жеке бастың және қоршаған ортаның санитарлық-гигиеналық ережелерін меңгеру, сақтай білуінің қайнар көзі екендігі дәлелденуі тиіс. Енді осы қорытындымыз дәйекті болу үшін 3-сынып дүниетану оқулығы бойынша  әр студентке кез келген бір тақырыптан таңдатып, мазмұнына қарай санитарлық – гигиеналық тәрбие элементтерін анықтау тапсырылады. Оны сабақ жоспарының құрылымы бойынша тәрбиелік мақсатына жазғызу.

 

1.7. Дүниетанымдық білімнің маңызы, оны күнделікті өмірде қажеттілігі, әр түрлі құбылыстар аралығындағы байланысты көруге, білім біртұтастығын қалыптастыру негізінде оның маңыздылығын көрсету.

Төменгі класс оқушылары дүниені біртұтас күйінде қабылдайды, оның көріністерін биологиялық, физикалық, химиялық құбылыстарға бөлмейді. Жаратылыстану білімін интеграциялап оқытудың алғашқы кезеңінде табиғат құбылыстары туралы дұрыс, біртұтас түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді, табиғат туралы ғылымдарды одан әрі саралай оқып үйренуге белгілі бір негіз қалайды. Оны оқып-үйрену барысында дүниенің материалдығы мен танымдылығын, құбылыстардың өзара байланысын, заңдылықтар мен эволюция идеяларын түсінуге қадам жасалады.

Қоршаған дүние обьективті түрде өмір сүретін болғандықтан, ондағы заттар мен құбылыстары алдымен санада бейнеленеді. Көру, сезіну, түйсіну арқылы сезім мүшелерге материалдық түрде әсер етеді де біз оларды қабылдаймыз.

Табиғат құбылыстарының қарапайым байланыстарын және өзара тәуелділігін анықтайды. Табиғат құбылыстарының сырын түсіндіре отырып материалистік көзқарас, яғни дұрыс дүниетанымдық көзқарас қалыптастырады. Оқушылар табиғат пен адамның шаруашылық қатынасын зерттей отырып білім алып қана қоймай, сондай-ақ оларда практикада қажет болатын машық пен дағды қалыптасады.

Дүниетану сабағында диалектикалық көзқарас қалыптастыру үнемі бірізділікпен, яғни табиғат элементтерінің бір-біріне байланысты құбылыстар сырына үңілу. Дүниетанымдық көзқарас оқушыларға бірден беріле қоймайды, ол ұзақ, үздіксіз берілетін оқу-тәрбие негізінің жемісі. Мұғалім ең алдымен органикалық дүниені, яғни әлем немесе табиғатты құраушы  элемент  атауларын, қасиеттерін, ерекшеліктерін және оның орны, пайдасы мен зияндылығы жайлы мағлұмат беруі, олардың байланысы мен болмысы, тіршілік жағдайы, ортасы, өзгерісі, жойылуы немесе басқа түрге өтуі т.б. тіршілік түрлерінен түсінік беру нәтижесінде әлемде, яғни табиғатта үздіксіз, тығыз байланысты құбылыстардың болуы, олардың әсері, осыдан барып органикалық  дүниенің эволюциялық даму тарихы шығатынын түсіндіру нәтижесі балада дүниетанымдық көзқарастың қалыптасуына әкеледі.

Жоғарыдағы  қысқаша түсіктемені дәлелді мысалдар келтіре отырып талдау. Айталық; жыл мезгілдерінің өзгеруіне,  ауа райының құбылуына қарай адамдардың икемділігін және жауын – шашынның пайда болу айналымын, найзағайдың ойнауын, күннің күркіреуін түсіндіре отырып, тірі ағзаларға осы процестер мен құбылыстардың қажеттілігі, байланысын ұғындырулары. Осы сияқты мысалдарды  (оқулықтың мазмұнына қарай отырып)  көбірек келтіру.

 

1.8. Ұғымдар жүйесін құрастыру, талдау  (1-4 сынып оқулықтарынан)

Студенттерді 4 топқа бөліп  4 класс дүниетану оқулығын  бөлу керек.  Бөлінген оқулықтан  әр студентке жеке  1 тарау бекітіледі.  Таңдаған тарауы бойынша ұғымдар тізбесін жасау керек. Ол ұғымдардың қандай ұғымға (жеке, жалпы, жинақы, биологиялық, географиялық, экологиялық )  жататынын  анықтайды, түсіндірмесін жазады. Міне осылай ұғымдар жүйесі құрылады.  Студенттерге  сөздіктер қосымша таратылады.

Ұғымдарды анықтауда, түсіндірмесін жазуда оқытушы тікелей басшылық жасайды.

Әр студенттің жасаған ұғымдар тізбесі класс бойынша жинақталады. Содан әр класта балаға берілетін  жаңа ұғымдар жүйесі құрастырылады. Әрбір ұғымды болашақ маман жатқа білуі керек деген тапсырма беріледі.

 

1.9. Оқыту әдісі: баяндау, баяндауға мұғалімнің дайындығы

Студенттерге алдын ала 3-сынып  «Көкжиек, көкжиек тұстары» тақырыбын мысалға ала отырып баяндау әдісін қолдана сабақ жоспарын жазып келу тапсырылады. Дайындаған сабақ жоспарлары негізінде талдау, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мұнда баяндау әдісін қолдану барысында қандай тәсілдермен үйлестірген жөн екені анықталады. Осы сабақты нәтижелі жүргізу үшін мұғалімге алдын ала қалай дайындалу керек. Кезең кезеңмен талданып, дайындаған жоспарлары толықтырылады.

 

1.10. Оқыту әдісі: әңгімелесу, әңгімелесуге мұғалімнің дайындығы

Студенттерге алдын ала 2-сынып  «Біздің Отанымыз – кеңбайтақ қазақ елі-Қазақстан Республикасы» тақырыбын мысалға ала отырып әңгімелесі әдісін қолдана сабақ жоспарын жазып келу тапсырылады. Дайындаған сабақ жоспарлары негізінде талдау, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мұнда әңгімелесі әдісін қолдану барысында қандай тәсілдермен үйлестірген жөн екені анықталады. Осы сабақты нәтижелі жүргізу үшін мұғалімге алдын ала қалай дайындалу керек. Кезең кезеңмен талданып, дайындаған жоспарлары толықтырылады. Картамен жұмыс орындалады.

 

1.11.Сөз білім көзі: әңгімелеуде, түсіндіруде, суреттеуге қойылатын талаптар.

Студенттер  проблемалы жаттығуларға дайын болулары керек.

1. Проблемалық жаттығу. Сөз білім көзі. Қандай жағдайда бұл соншалықты дәйекті болмақ?

2. «Табиғаттағы су айналымы» тақырыбында салынған сызбаны қалай түсіндіруге болады?

3. «Жайлауда» атты көркем слайдты суреттеп әңгімелеу.

Қойылатын талап: Құрылған сөйлемдері көркем, жеңіл, мазмұнды болу керек. Құрастырған мәтіндеріндегі сөйлем аралық байланыс желісі сауатты, бірізді болуы керек.

 

1.12. Практикалық әдіс: тәжірибе  көрсетуге мұғалімнің дайындығы.

Студенттерге 2- сынып оқулығындағы «Топырақ, оның құрамын анықтау» тақырыбы бойынша (тәжірибе жасау) сабақ жоспарын даярлап келулерін тапсырамын.

«Топырақ және топырақ құрамы»  тақырыбында тәжірибе арқылы түсіндіру нәтижелі өткізу үшін алдын ала мұғалім мынандай дайындық жасайды: 1. Тәжірибеге қажетті құрал-саймандардың толық, олардың техникалық қауіпсіздік ережелеріне сай болуы керек. Олар:  200мл стакан, қаңылтыр тостағанша, шыны таяқша, саз, құм, спирт шамы, сүзгі және басқа түрлі стакандар

Топырақ құрамы саздан, құмнан, ауадан, қарашіріктен тұрады. Дәлелдеу.

1- тәжірибе. Стакан суға бір кесек  топырақты салып қозғау керек.

2-тәжірибе. Қаңылтыр тостағаншаға қара топырақты салып астынан күйдіру керек.

Осы тәжірибелерді жасап көрсету керек.

Әр тәжірибе ретімен қойылатын сұрақтармен үйлесіп отыруын қадағалау. Мысалы.

1. Біз тәжірибе арқылы қандай құбылысты көріп білеміз?

2. Біз тәжірибе өткізуге қандай құрал-жабдық аламыз?

3. Құбылыс қалай жүреді?

4. Бұл неге олай болды?

5. Біз бұл құбылысты тұрмыста қайда, қашан бақылай аламыз?

6. Не дәлелдедік? Қалай қорытындылаймыз?

 

Модуль 2

2.13. Тақырыптық жоспар жасау (1-4сыныптар).

Cтуденттерге алдын ала даярланған тақырыптық жоспарды орындау сызба - кестесінің үлгісін интерактивті тақта арқылы ұсынамын. Содан кейін дәптерлеріне сызып алуын өтінемін. Мақсатымыз: 1-сынып үшін жарты жылдық тақырыптық жоспарды даярлауды үйрету.

1-4 сынып «Дүниетану» бағдарламасы, оқулық және көптеген көмекші әдістемелік құралдар таратылады.

Тақыптық жоспар жасау барысында барлық студенттердің пікірлері тыңдалып ескерілуі тиіс.

 

2.14. Кіріспе  сабақ жоспарын жасау.

2-сынып оқулығы бойынша «Адам» блогындағы алғашқы «Адамның айналадағы дүниемен қарым-қатынасы» тақырыбы бойынша кіріспе сабақ жоспарын даярлау.

Ең алдымен кіріспе сабақтың құрылымын еске түсіру.

1. Сабақтың ұйымдастыру кезеңі. Оқушыларды сабаққа дайындау.

2. Сабақтың  мақсаты мен  міндеттерін  қою.

3. Жаңа  тарау макзмұнын түсіндіруге оқушыларды дайындау, олардың ынтасы мен қызығуын тудыру, өткендерді еске түсіру.

4. Жаңа тарауды және тақырыпты түсіндіру. Бұл - сабақтың негізгі бөлігі мен кезеңі. Сондықтан оған баса назар аудару керек.

5. Сабақты қорытындылау және үйге тапсырма беру.

Ендеше оқытушының нұсқауымен жоғарыда көрсетілген тақырып бойынша сабақ жоспарын даярлау. Интерактивті тақта бойынша алдын ала даярлаған  сол тақырыпта кіріспе сабағының жоспарын көрсетемін. Өздерінің даярлаған сабақ жоспарын тексереді. Қатемен жұмыс жасап, сабақ жоспарын компьютерде теруге рұқсат алады.

 

2.15. Сарамандық сабақ жоспарын құру.

4-сынып оқулығындағы «Көкжиек тұстарын бағдарлау» тақырыбына сарамандық сабақ жоспарын даярлау тапсырылады. Алдымен оқулықтаға мәтінді оқып шығу, мақсатын анықтау, негізгі жоспарын түзуді үйрету. Сабақтың мақсатын ойластыру барысында мынадай  3 сұрақтарға жауап табу керек:

     -Не меңгерілу тиіс?

     -Меңгерту процесінде жаңа ұғымдардың белгілі қандай қызметтері туралы айтылады?

     -Қандай маңызды мазмұны тірекке алыну керек?

Орындалатын тапсырмалар анықталады. Сарамандық жұмысты жүргізу үшін қажетті құралдарды тізбесін жасау.

1-орындалатын тапсырма. Картадан көкжиек тұстарын қалай анықтау керек екенін үйрету әдістемесі.

2-орындалатын тапсырма. Компоспен тұстарды бағдарлау.

3-орындалатын тапсырма. Компос болмаған жағдайда табиғи қандай объектілермен бағдарлауға болады. Суреттерін салу. Сарамандық сабақ жоспарын толық аяқтау, тексеру, талдау.

 

2.16. Сабақ типтері: қорытынды сабақ жоспарын құру.

Алдымен  бұл сабақтың құрылымын еске түсіреміз:

     1. Сабақтың ұйымдастырылу кезеңі. Оқушыларды сабаққа дайындау.

     2. Сабақтың мақсаттары мен міндеттерін қою.

     3. Бұрын өтілген материалдарды бекіту. Түрлі жаттығулар мен практикалық тәсілдер, ойын элементтерін қолдана жүргізу. Бұл сабақтың негізгі бөлімі мен кезеңі. Оқушылардың өздігінен жұмыс істеуіне және ұжымдық орындау тәртібін сақтауға баса назар аудару керек.

     4. Сабақты қорытындылау, талдау және үйге тапсырма беру.

3-сынып «Адам» блогы бойынша қорытынды сабақ  жоспарын құрастыру.

 

2.17. Жеке тапсырмалар жүйесін жасау (1-сынып үшін)

«Жеке баламен жасалатын жұмыстар және оны ұйымдастыру әдістемесі» тақырыбында эссе жазып келу алдын ала тапсырылады.

Затты танып, білу мақсатында:

1. Кез келген бір затты алып оны толық сипаттауын талап ету.

2. Ағаш, темір, тастан даярланған заттарды ата.

Құбылыстарды танып білу мақсатында:

1. Күз мезгілінің бір тәуліктік ауа райын бақылау, күнделікке түсіру

2. Ауа райы құбылар алдындағы өзгерісті бақылау, күнделікке түсіру

3. Табиғи құбылыстар жайлы сөзжұмбақ құрастыру, оны шешу

4. Құмырсқа илеуін бақылау.

5. Жапырақтың сарғаюын, үзіліп түсуін бақылау.

Сабақ үстінде орындалатын жеке тапсырма:

1.Сурет бойынша әңгімеле (Ормандағы құмырсқа илеуінінің суреті, Көктем, алма ағашының гүліне қонып тұрған ара бейленген сурет және т.б.)

2. «Ұқсастарын тап»

3. «Қай жануар немен қоректенеді» сызбасын орында

 Міне осы үлгіде  жеке тапсырмаларды өздері құрастыруды тапсырамын.

 

2.18. Топпен өткізілетін жұмыс жүйесін жасау (2-сынып үшін)

«Топпен орындалатын жұмыстар және оны ұйымдастыру әдістемесі» тақырыбында  дайындалып келу алдын ала тапсырылады.

1. Тұқым өнуі мен өсуін бақылау.

2. Тәжірибе үлескесіндегі күзгі еңбек.

3. Тәжірибе үлескесінен пісіп жетілген тұқымдарды жинақтау, коллекция даярлау.

4. Тірі табиғат бұрышындағы күтім жұмыстары

5. Тақырыптық кеш ұйыдастыру.

6. Тәжірибе үлескесіндегі көктемгі еңбек.

7. Орман жануарлары жайлы шығарма талдау

8. Үй жануарлары жайлы шығарма талқылау

Міне осы үлгіде тапсырмалар тізбесін құрастыру және қалай ұйымдастыру әдістемесін талдау.

2.19. Сыныппен жүргізілетін жұмыс жүйесін жасау (3-сынып үшін)

«Сыныппен  орындалатын жұмыстар және оны ұйымдастыру әдістемесі» тақырыбында  дайындалып келу алдын ала тапсырылады.

1. Бөлме өсімідктерін көбейту

2. Тәжірибе үлескесіндегі күзгі еңбек.

3. Күзгі бақшаға саяхат

4. Кәсіби мерекелерді атап өту шаралары

5.Ауылдағы тұрмыстық-қызмет көрсету орынының жұмыстарымен танысып,салыстыру

6. Қала саябақтардағы өсімдіктерді бақылау

7. Тұқымдар  жинақтау, өңдеу, коллекциялар даярлау

8. Түрлі шығармалар талдау.

Міне осы үлгіде тапсырмалар тізбесін құрастыру және қалай ұйымдастыру әдістемесін талдау

 

2.20. Тірі табиғат бұрышында  өткізілетін жұмыстар жүйесін жасау

«Егер балаларға нақты шынайы білім беруге ниеттенсек, онда біз барлығын жеке бақылауымыз бен сезім көрнекілігі арқылы оқытуға ұмтылуымыз керек»,-деген А.Я.Коменскийдің цитатын талдаудан бастаймын.

1. Тірі табиғат бұрышында күтіп-баптауға қажет құрал-саймандар даярлау жұмыстары.

2. Ол құрал –саймандардың аты және  қолдану ережелерімен танысу жұмыстары.

3. Тірі табиғат бұрышындағы өсімдіктерді бақылау түрлерімен  танысу жұмыстары

4. Тірі табиғат бұрышындағы өсімдіктерді бақылау түрлерін ұйымдастыру

5. Тірі табиғат бұрышындағы өсімдіктерді күту жұмыстары

6. Тірі табиғат бұрышындағы өсімдіктер мен жануарларды күтуге кезекшілік жасау

Міне осы үлгіде тапсырмалар тізбесін құрастыру және қалай ұйымдастыру әдістемесін талдау

 

2.21 Оқушының білім-білік, дағдысын диктанттар, кесте арқылы тексеру жолдары

«Оқушының білім-білік, дағдысын диктанттар, кесте арқылы тексеру жолдары» тақырыбы бойынша түсініктеме жазып келу  алдын ала тапсырылады.

Студенттерге оқытушының даярлаған бірнеше нұсқадағы диктанттар, кестелер үлгілері таратылады. Сонан кейін әр студент өздерінің дайындаған нұсқаларын ұсынады, оқытушының көмегімен  дұрысталып,өңделеді.

 

2.22. Оқушының білім-білік, дағдысын сигналды карточка арқылы тексеру жолдары

«Оқушының білім-білік, дағдысын сигналды карточка арқылы тексеру жолдары» тақырыбы бойынша түсініктеме жазып келу  алдын ала тапсырылады. Студенттерге  оқытушының даярлаған бірнеше сигналды карточкалар үлгілері таратылады.

Әр студент өздерінің даярлаған  нұсқаларын ұсынады, оқытушының көмегімен  дұрысталып, өңделеді.

 

2.23.  Кіші  комплекті мектептерде сабақ ерекшелігі. Сабақ жоспарын құру. 4 сыныпқа

«Кіші  комплекті мектептерде сабақ ерекшелігі» тақырыбы бойынша  түсініктеме жазып келу тапсырылады. Оны жаппай ауызша сұрау арқылы талдап аламыз. Содан кейін бір пәнділік жүйе бойынша аралас сабақ жоспары негізінде даярланады. 4 сыныпқа тақырыптық жоспарда белгіленген сабақ тақырыптар таңдалады.

Бұл оқытушының тікелей нұсқауымен жүргізіледі.  Кіші комплектілі мектепте дүниетану сабағының сабақ жопарын құрастыру үлгісі интерактивті тақта арқылы беріледі. Сабақ жоспарын даярлау алдында әр сыныпқа сабақ мақсаттарын нақты анықтап алу қажет, әр сыныптың ерекшеліктерін ескере отырып, сабақ барысын жоспарлауда мұқияттылық қажет.